Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға.
Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға... Қай заманда да, ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеу оңай болмаған. Дегенмен де, осынау қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты таңдап, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздарымыз қаншама. Ұстаз болу дегеніміз - шәкірт тәрбиелеу ғана емес, сол шәкіртпен бірге өзің де өмір бойы теріс қылықтармен күресіп, біліміңді жетілдіріп, өзіңді өзің тәрбиелеу деп түсінемін. Себебі, ұстаз әрқашанда шәкірттеріне үлгі болуы тиіс. Ұстаз болу дегеніміз - шексіз төзім мен барлық баланы сыйғыза алатындай кең жүрек иесі болу. Мамандығыңды жақсы көрсең ғана белгілі бір жетістікке жетуге болады.
Тасты-Талды орта мектебінің өзін-өзі тану, музыка пәндерінен сабақ беретін ұлағатты ұстаз Ким Татьяна Витовнаны өз мамандығына шынайы берілген ұстаз деп айтуға әбден болады. Ким Татьяна Витовна 1977 жылдан бастап осы жлда талмай еңбек етіп келеді. Жезқазған қаласындағы музыкалық училищені «Музыкалық қызметкер, хор коллективінің дирижері» мамандығы бойынша тәмәмдаған соң, аудандық мәдениет үйінде 3 жыл директор қызметін атқарды.
1980 жылы сол кезде аудан орталығы болған Жаңадала аулындағы «Тюльпан» балабақшасына музыка пәні мұғалімі болып ауысады.
1996 жылы Жаңадала ауданының мектебіне музыка пәнінің мұғалімі болып орналасады. Міне, содан бері осынау ұлы білім ордасында ұстаздық етіп келеді. Бүгінде Татьяна Витовна зейнеткер, алайда өз мамандығын сүйетін ұлағатты ұстаз ұстаздық етуін жалғастыруда. 43 жылдық еңбек өтілінің 40 жылын ұстаздық етуге арнаған ұстаздың «Абай Құнанбаев медалі», «Ыбырай Алтынсарин медалі», «ІІ мастер-класс Республикалық форумының жеңімпазы медалі» сияқты бірнеше марапаттары бар.
Ұстаздық етуден әлі де жалықпағайсыз Татьяна Витовна...
Мақаланың авторы:Тасты-Талды ОМ қазақ тілі және
әдебиеті пәні мұғалімі Жунусова М.Ш.