Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар!
Бүгін біз үшін аса маңызды — 4 маусым, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Баршаңызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
1992 жылы дәл осы күні еліміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны қабылданып, Қазақстан Республикасының жаңа тарихи беттері ашылды. Бұл рәміздер — біздің тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің және болашаққа деген сеніміміздің нышаны.
Мемлекеттік рәміздер — әр азаматтың жүрегінде орын алатын қасиетті ұғым. Оларды құрметтеу — Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Біз, мектеп ұжымы, жас ұрпақты осы құндылықтарды бағалап, елін, жерін сүюге тәрбиелеуіміз керек.
Қымбатты оқушылар! Тәуелсіз еліміздің көк байрағы әрдайым көгімізде желбірей берсін! Білім алып, биіктерге ұмтылып, ел абыройын асқақтата берулеріңізге тілектеспін!
Рәміздер күні құтты болсын!